Грек-рим күресінен 82 кг дейінгі салмақта күш сынасқан Омар Сатаев Иордания астанасы Аммандағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Отандасымыз финалда ирандық құрдасы Мұхаммед Әзиз Нагхаусиден жеңіліп қалды. Есеп: 1-3.
Ұлттық құрама спортшысы бүгін күндізгі сессияны ширек финалдан бастап, Оңтүстік Корея өкілін Вусёнг Кангты 11:0 және Жапония балуаны Тайцо Юшидоны 10:0 есебімен жеңген болатын.
Еске сала кетейік, Мұхаммед Әзиз былтыр қазанда 23 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған (82 кг). Сондай-ақ жасөспірімдер арасында құрлықтың үздігі.
Ал Омар осыдан 3 жыл бұрын Бахрейндегі жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болған.
Осымен грек-рим күресінен Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан қоржынында 2 күміс, 2 қола медаль бар. Шымкенттік балуандар екі күміс олжалады, бұған дейін аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Әлімхан Сыздықов күміс жүлде жеңіп алған болатын.
Ақпарат @qaz_team_official әлеуметтік желісінен алынды