Шымкенттік дәрігерлер жарақат салдарынан көзі көру қабілетінен айырылған 63 жастағы зейнеткерге күрделі ота жасап, көз жанарын қалпына келтірді. Науқастың көзіне ағаш сынығы түскен көрінеді. Ауырсыну сезілмегендіктен, дәрігерге дер кезінде қаралмаған. Алайда уақыт өте оның оң көзі мүлдем көрмей қалған. Медициналық тексеру барысында жарақат орнында тесік пайда болып, сұйықтық жиналғаны және тор қабатының ажырауы, күрделі катаракта анықталады.
Уақыт өткізіп алғанына қарамастан, «Astana Vision» клиникасының білікті дәрігерлері науқастың көз жанарын қалпына келтіре алды. Операцияны аталған клиниканың офтальмохирургы Айтман Абдрахманов жасаған.
Нарықтағы құны 500 мың теңгелік ота пациентке міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін көрсетілді.
Аталған клиникада катаракта, глаукома, тор қабатының ажырауы сынды диагноздарға заманауи оталар МӘМС есебінен сақтандырылған азаматтарға тегін жасалады. Дәрігерлердің мәліметінше, жыл басынан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде мұндай 800-ден астам күрделі ота жасаған.
Жалпы Шымкент қаласында МӘМС аясында 5 клиника көз ауруларын емдейді.
Біле жүріңіз! МӘМС – тек қарапайым тексерумен шектелмейді. Бұл – көру, есту, қозғалыс секілді маңызды функцияларды жоғалту қаупі төнген жағдайда да жоғары технологиялық көмекті тегін алуға мүмкіндік беретін жүйе.
#әмсқшымкент #мәмсшымкент