Шымкентте «Алғашқы әскери технологиялық дайындық» пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін дамыту және технологиялық оқыту» тақырыбында республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Әскери қызметшілер кәсіби біліктілігін шыңдады. Елдегі Қарулы Күштердің қуаты Отан алдындағы борышын өтеген барлық санаттағы әскери қызметшілердің қарым-қабілеті, білім-білігімен өлшенеді. Сондықтан сапта іркілмеу үшін жоспарлы жауынгерлік әзірлік маңызды. Осы орайда аталған конференцияға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Әскери-стратегиялық зертеулер орталығы» Орталық әскери ғылыми-зерттеу институтының бас сарапшысы, отставкадағы полковник Айдар Кикимов, Шымкент қаласы әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі Тимур Бидайбеков, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаментінің тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстар басқармасының консультанты подполковник Ринат Төлепбергенов, С.Рахимов атындағы «Жас Ұлан» әскери мектебінің 20 курсанты, білім басқармасына қарасты білім беру ұйымдарының алғашқы әскери технологиялық дайындық пәнінің мен «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері – жалпы 300-ге жуық адам қатысты. Бұл басқосудың ерекшелігі – Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қатысуы болды. Іс-шарада екі саланың өкілдері жауынгерлік және денешынықтыру дайындығын ұйымдастыру, әскери тәртіпті сақтау, кезекшілік және қарауыл қызметін атқару ережелері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Ғылыми конференция пленарлық сессия және секциялық отырыс болып екі бағытта өткізілді. Фойеде Халық Қаһарманы ардагер, тұңғыш армия генералы, ҚР бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Қожахметұлы және ҰОС ардагері Рақымжан Кошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына арнап дарынды оқушылардың қатысуымен сурет салу көрмесі мен әскери қару-жарақ пен әскери киім үлгілері ұйымдастырылды. Пленарлық сессия мәжіліс залында басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың қызметкерлері, қарулы күштердің ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағалары, білім беру ұйымдары мен күш құрылымдарының күш-жігерін оқыту, тәрбие процесінде және жастарды әскери қызметке дайындауда біріктіру, өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу туралы баяндалды. Конференция барысында оқушылар сарайының дарынды оқушыларының қатысуымен театрланған қойылым қойылып, патриоттық әндер шырқалды.
Jsk ақпараттық агенттігі