• 27 сентября, 2025 8:07 пп

 

Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры “Шымнан шуақ” атты гастрольдік сапарын Павлодар қаласынан бастады.

Өнер ұжымы Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық музыкалық драма театр сахнасында драматург Сая Қасымбектің “Атжалман ғасыр” атты тарихи қасіретін көрермен назарына ұсынды.

Қойылым ХХ ғасырдың зұлмат жылдарындағы қазақ интеллигенциясының қасіретті тағдырын, ұлт үшін басын бәйгеге тіккен азаматтардың ерлігі мен елдік жолындағы күресін бейнелейді.

Павлодарлық көрермен қойылымды зор ықыласпен қабылдап, сахна соңында ерекше қошемет көрсетті. Көпшілік тарихи тақырыптағы бұл спектакльдің көркемдік деңгейі мен актерлердің шынайы ойынына жоғары баға беріп, жылы пікірлерін білдірді.

Гастрольдік сапар екі күн қатарынан Павлодар қаласында жалғасады.
Одан кейін театр труппасы қазақ театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, өздерінің ұлы ұстазы Жұмат Шаниннің туған жері — Баянауылға жол тартады.
Сапар бағыты бұдан әрі Екібастұз, Семей және Астана қалаларымен жалғасып, шымкенттік әртістер көрерменге түрлі жанрдағы спектакльдерін ұсынбақ.

Бұл гастроль — Шымкент театрының жаңа маусымындағы маңызды мәдени оқиғалардың бірі. Ұжым елдің әр өңіріне “Шымнан шуақ” атты өнер сәулесін шашып, қазақ театрының биік деңгейін көрсетуді мақсат тұтады.

Театр ұжымы қолдау білдірген Шымкент қаласы әкімдігіне, қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына алғысын білдіреді!

Автор: admin