• 3 декабря, 2024 5:10 пп

Қазақстанда есірткі бизнесімен күреске қомақты қаржы  қаралды

Автор:admin

Июл 13, 2024

Қазақстан үкіметі Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. 2023-2025 жылдарға арналған бұл жоспар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау аясында әзірленді, деп хабарлайды jsk.kz. ақпараттық агенттігі. Үкіметтің баспасөз қызметінің 5 шілде күні таратқан мәліметі бойынша, кешенді жоспар нашақорлықпен және есірткі бизнесімен тиімді күресу үшін қажетті бірінші кезектегі шараларды ескере отырып, қазіргі нашақорлыққа қатысты ахуалды талдау негізінде әзірленді. Оны дайындау барысында психоактивті заттардың жаңа түрлерінің үлесі артуы, есірткіні өндіру, тасымалдау және тарату әдістерінің өзгеруі, белсенді түрде енгізіліп жатқан қазіргі әлемдік есірткі саясатының ерекшеліктері ескерілді (Darknet, мессенджерлер, криптоәмияндар және т. б.). «Құжат сарапшылар ортасында және түрлі пікірталас алаңдарында кеңінен талқыланды. Оның негізгі мақсаттарының бірі – қоғамның, азаматтық институттардың және барлық мемлекеттік органдардың нашақорлықтың алдын алу бойынша жүргізілетін жұмыстарының сапасын арттыру және жалпы нашақорлар санын азайту бойынша күш-жігерлерін біріктіру», – делінген хабарламада. Үкіметтің хабарлауынша, елімізде синтетикалық заттарды жасырын өндіру жағдайлары жиі анықталып жатыр. Апиынды, оның ішінде Ауғанстаннан «солтүстік бағыт» деп аталатын транзит арқылы тасымал, каннабис тобының есірткі заттарының айналымы, сондай-ақ «дәріхана» нашақорлығы өзекті проблемалар болып отыр. Қабылданған Жоспар осы бағыттар бойынша шаралар кешенін іске асыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 2025 жылға қарай есірткі тұтынушылардың санын азайту, есірткіге тәуелділіктен ұзақ мерзімді ремиссиясы бар кәмелетке толмағандар санын 15%-дан 20%-ға дейін арттыру, сондай-ақ есірткі тұтынушыларды 26%-дан 30%-ға дейін медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту жоспарланған. Құжат заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді, заманауи есірткі бизнесінің жаңа сын-қатерлері мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұрудың тиімділігін арттыруды, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен кеңейтуді, қазақстандық қоғамда нашақорлық деңгейін төмендетуді көздейді. «Нашақорлықтың алдын алу, емдеу, нашақорларды оңалту жүйелерін жетілдіруге, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға баса назар бөлінеді. Есірткіге және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту бойынша шаралар кешені қарастырылған. Бұл жаңа сын-қатерлер мен қауіптердің дереу алдын алуға мүмкіндік береді. Емдеу-сауықтыру орталықтарын жаңғырту және жаңаларын ашу жұмыстары жүргізіледі».ҚР үкіметінің баспасөз қызметі Бұған қоса Үкімет ұшақ пен ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды пайдалана отырып, адам аз жүретін аумақтардағы жасырын есірткі зертханалары мен плантацияларды жою шаралары қабылданатынын мәлім етті. Жоспар шекаралық өткізу пункттерін дәрілік заттарды, прекурсорларды және дәріхана зертханаларына арналған жабдықтарды анықтауға арналған скринингтік құралмен қамтуды көздейді. Кешенді жоспарда аталған шараларды жүзеге асыру үшін бюджет есебінен 53,1 млрд теңге бөлу қарастырылған.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin