• 22 января, 2025 1:56 пп

Қазақстанда жаңа үш әуежайдың құрылысы басталды

Автор:admin

Янв 22, 2025

«Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек» – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.Президенттің тапсырмасына сәйкес ішкі туризмді және жолаушылар әуе тасымалын дамыту мақсатында 2025 жылы Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа үш әуежайдың құрылысы басталды. Бұл жобалардың іске асырылуы өңірлердегі экономиканың дамуына жаңа импульс береді, сондай-ақ отандық және шетелдік туристер ағынын арттыруға және аталған жобалар жергілікті тұрғындарды қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Сонымен қатар, 2024 жылы ірі хабтарды дамыту мақсатында әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғыртуаясында үш жаңа жолаушылар терминалы пайдалануға берілді. Мәселен Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жолаушылар терминалының өткізу қабілеті ұлғайды.

Алматы қаласы халықаралық әуежайының жаңа терминалы – объектінің өткізу қабілеті жылына 2,5 млн-нан 14 млн. жолаушыға дейін ұлғайды. Отандық авиакомпаниялар Air Astana, SCAT, Qazaq Air, Fly Arystan Қазақстанның 19 қаласынатұрақты ұшуды орындайды. Халықаралық әуе қатынасын әлемнің 26 елінде 50 бағыт бойынша 30 шетелдік авиакомпания орындайды.

Шымкент қаласы әуежайының жаңа терминалының — өткізу қабілеті жылына 800 мыңнан 6 млн. жолаушыға дейін. Жаңа терминал халықаралық әуе маршруттарының санын 10-ға, рейстерді аптасына 24-ке дейін арттырды. Джидда, Медина (КСА), Доха (Катар), Фукуок (Вьетнам) және Пхукетке (Тайланд) әуе қатынасы ашылды.

Қызылорда қаласының «Қорқыт Ата» халықаралық әуежайының — өткізу қабілеті жылына 300 мыңнан 2 млн. жолаушыға дейін өсті. Бүгінгі таңда Қызылорда қаласынан 25 ішкі рейс орындалуда.

«SKYHANSA» қазақстан-германдық компаниясымен «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында қуаты сағатына 500 адамға дейінгі жолаушылар терминалын, сыйымдылығы 550 000 тоннаға дейінгі отын қоймасын, жүктерді 250 000 тоннаға дейін толық өңдейтін жүк терминалын салу, әуе кемелеріне қызмет көрсету авиациялық-техникалық орталық құру бойынша жоба іске асырылуда. Сондай-ақ 300-ден астам тұрақты жұмыс орындарын құра отырып, халық үшін туристік және сауда, ойын-сауық қызметтерін дамыту жоспарланған.

Соңғы жылдары әуе көлігі жолаушылар үшін ыңғайлы әрі тартымды болуда. Мысалы Қазақстанда жыл сайын әуе тасымалы 10-15% артуда. 2024 жылы қазақстандық авиакомпаниялар 15 миллионға жуық адамды тасымалдады, әуежайлар 30 миллион жолаушыға, оның ішінде шетелдік авиакомпаниялар мен азаматтарға қызмет көрсетті. 2024 жылы жүк тасымалы көлемі — жылына 28 мың тоннаға ұлғайды.

Отандық компаниялардың ұшақтар паркі жыл сайын 10-15 ұшаққа толықтырылуда. Бүгінгі күні әуе кемелерінің саны — 102 ұшақ.

Бүгінгі таңда Қазақстаннан халықаралық әуе қатынасы 31 елмен (Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия, Беларусь, Әзірбайжан, БАӘ, Сауд Арабиясы, Катар, Иран, Оман, Египет, Кувейт, Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан, Вьетнам, Таиланд, Моңғолия, Камбоджа, Малайзия, Мальдив аралдары, Шри-Ланка, Түркия, Ұлыбритания, Германия, Италия, Нидерланды, Польша, Чехия) аптасына 582 рейс жиілігімен 117 бағыт бойынша орнатылды.

Қазақстанның әуежайларында ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Жерүсті қызметінің қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсету, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды сүйемелдеу бойынша тұрақты арнайы оқудан өтеді. Амбулаторлық көтергіштер, мүгедектер арбалары, соқырларға арналған тактильді плиткалар мен дыбыстық навигация жүйелері бар.

Еліміздің халықаралық әуежайларында ана мен балаға арналған бөлмелер, валюта айырбастау пункттері, пошта байланысы, сымсыз интернет бар. Сондай-ақ онлайн тіркеу процесін жылдамдату үшін бірқатар әуе компаниялары мобильді қосымшаларды енгізді. Көрсетілетін қызметтер барлық санаттағы азаматтар үшін сапаны және қолжетімділікті арттыруға бағытталған.

Жолаушылар авиатасымалдары көрсеткішінің өсуі, маршруттардың артуы ішкі және шетелдік туризмді дамытады. Бұл ел өңірлерінің инвестициялық тартымдылығын арттырады.

Қазақстанда авиация саласын дамытуды халықаралық тану ұшу қауіпсіздігіне байланысты.

Қазақстанда ұшу қауіпсіздігі халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі 82% құрайды. Бұл — ТМД елдері арасында ең жоғары көрсеткіш. Дания мен Польша сияқты Еуропа Одағы елдерімен салыстыруға келеді.

Бұл нәтижелер Қазақстандағы авиациялық туризмді дамытуға, сондай-ақ еліміздің экономикалық әлеуетін нығайтуға және оның халықаралық аренадағы тартымдылығын арттыруға септігін тигізеді.

Автор: admin