• 23 ноября, 2024 10:13 дп

Қонаев-Рысқұлов қиылысындағы жолайрық пен Д.Қонаев даңғылының жалғасында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының қазіргі жағдайы …

Автор:admin

Сен 1, 2023

Жолайрықтың құрылысы 2020 жылы 15 қазанда басталғаны белгілі. Бірінші кезеңдегі жұмыстар аяқталып, қазір екінші кезең жалғасуда. Өткен айда барлық инжинерлік-коммуникациялық желілер көшірілді. Қазір Д.Қонаев даңғылы мен Бәйдібек би көшелерінде тоннель қазылып, бетоннан тіреуіш қабырғалар құйылуда. Оған қоса 48 сваи қағылып, оған тоннельдің 24 балкасы орнатылуда. Жақында Т.Рысқұлов көшесінің де бір қапталы уақтылы жабылып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жолайрықты «Базис-А» корпорациясы салып жатыр. Бұл компанияның осындай күрделі нысандардың құрылысын жүргізу бойынша мол тәжірибесі бар. Оның үстіне қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған нысандағы жұмыстарды жеке бақылауына алған. Апта сайын құрылыстың басына барып, жұмыс барысымен танысып, сапаның тиісті деңгейде болуын қадағалап келеді. Айта кетейік, жоба бойынша бұл нысан 36 айда салынуы тиіс. Бірақ, жолайрықтың қаланың орталығында орналасқанын ескере отырып, тұрғындарға қолайсыздықты барынша азайту үшін жұмыстар күндіз-түні жүріп жатыр. Д.Қонаев даңғылындағы тоннелді биыл 1 қазанға дейін, ал, Т.Рысқұлов көшесіндегі айналма жолды 1 қарашаға дейін ашу жоспарланып отыр. Жалпы, жолайрықтың құрылысын жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланған. Ал, Д.Қонаев даңғылының жалғасына келетін болсақ, бұл жұмыстар 5 кезеңге жоспарланған. Бірінші кезеңде Ескі қалашық маңындағы жұмыстарды «Отау құрылыс» компаниясы жүргізіп жатыр. Өткен айдан бері ескі қалашықтағы жолдың жабылғанын тұрғындар жақсы біледі. Екінші кезеңде ескі автовокзалдың маңында ұзындығы 600 метрлік тоннель салынады. Қазір онда қазу және инжинерлік-коммуникациялық желілерді көшіру жұмыстары жүруде. Бұл құрылыс аумағында кейбір коммерциялық нысандар орналасқан. Оның жерін мемлекет мұқтаждығына алу үшін қазір түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге бүгінде үшінші кезеңнің жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Ол В.Терешкова көшесінен басталып, темір жолдың астынан өтіп кетеді. Қазір ол жерде де бетоннан тіреуіш қабырғалар құйылуда. Шілде айында Ресейден ұзындығы 45 метрлік үлкен балкалар келуі керек. Сол кезде теміржолдың астынан тоннель салынады. Төртінші кезеңде Бадам өзені арқылы өтетін көпір дайын тұр. Ал, бесінші кезең ары қарай айналма жолға ұласып кетеді. Д.Қонаев даңғылының құрылысы аяқталған кезде бұл нысан қалада кептелістің азаюына зор септігін тигізері сөзсіз.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin