• 24 ноября, 2024 4:18 пп

Қоғамдағы зорлық-зомбылық мәселесі бір адамға, бір мемлекеттік органға ғана емес, әр адамның жауапкершілігіне байланысты. Мысалы, қасыңызда зорлық-зомбылық болып жатса, сіз оны елемей өтіп кетсеңіз, сол адамның өміріне жасалған қиянатпен тең. Қазір, әркім өзімен өзі кеткен заман болды да, ешкім ешкімді тыңдағысы да, біреудің ісіне араласқысы да келмейді. Зорлық-зомбылықты тоқтатуға осы қоғамның көп араласпауы кедергі болып отырған сияқты.  Бұл өте жан-жақты мәселе ғой. Оны қай жағынан алсақ та шешу үшін көп уақыт керек. Сол себепті, біз тұрғындармен, әйелдермен, қыз-келіншектермен, мектеп оқушылармен жеке-жеке байланысқа шығып, заңды түсіндіруге дайынбыз. Зорлық-зомбылық оқиғасы орын алса, «Аманат» партиясының 111 нөміріне, әйелдердің тұрмыстық зомбылыққа ұшыраған жағдайда жүгінетін 150 телефонына және ең алдымен, әрине, полиция органдарына 102-ге жүгіну керек. Біздің Ұлттық комиссияның ресми сайтында телефон нөмірлері жазылған. Сонымен қатар, менің жеке парақшам Facebook-та да, Instagram-да да бар. Біз немқұрайлы қарап, шетте қалмаймыз. Кез-келген адамға көмек беруге дайынбыз. Өкілеті бар органдардың тиімділігін байқайтын өңірлерде арнайы даму жоспары, соның ішінде отбасына арналған жұмыстың тиімділігін көрсететін бірде-бір көрсеткіш жоқ екен. Негізінде көрсеткіш болуы керек, қанша қаржы бөлінді, ол қаржы қайда кетті, ол қаржы халыққа нақты жұмсалды ма, деген сұрақтарға жауап іздедік. Біздің ұсынысымыз бойынша, алдымен арнайы зерттеу жүргізіліп, бір ауданда қанша мұқтаж отбасы бар, оларға қандай көмек керек екені анықталғаннан кейін ғана қаржы бөліну керек. Қаржы бөліну барысында да, жұмсалу барысында да, тиімділігін көру барысында да міндетті түрде, сол аймақтың белсіндісі жұмыстың басы-қасында болуы керек. Бұл жемқорлыққа жол бермеу, халыққа арналған ақшаны халыққа жұмсау мақсатында жасалған шара. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тағы бір себебі – нашақор, ойынпаз (игроман), ішімдікке салынған адамдар. Сол себепті, мәжбүрлі түрде, соттың шешімімен емдейтін орындарға барып, жұмысымен танысып, олардың тиімділігін байқап, оларға бөлінетін қаржыны есептей отыра, отбасындағы құқық бұзушылыққа барған, мінез-құлқы шектен шыққан, бойында қандай да бір ауытқулары бар адамдарға арнайы орталықтар ашу туралы ұсыныс тастадық. Біз денсаулық сақтау министрлігімен, мамандармен ақылдасып, он екі қадамдық психокоррекциялық бағдарлама құрдық. Бұл бағдарлама әлемдік деңгейдегі озық тәжірибелердің бірі. Қазірде, ұлттық комиссияның қолдауымен әр ауданда осындай орталық ашылсын деген мақсат бар. Алайда, көмек орталығы мен дағдарыс орталықтарын шатастырмау керек. Дағдарыс орталығы дегеніміз – көбіне әйелдер қайғылы оқиғаға тап болған жағдайда жүгінетін орталықтар. Біздің ойымызша, дағдарыс орталықтары облыс орталықтарында болуы керек. Ал, аудандардың бәрінде қайғылы жағдайға жеткізбеу үшін, алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы орталықтар ашылсын. Ол орталықтар әрбір азаматқа, әсіресе шалғай ауылдардағы тұрғындарға көп көмек болар еді. Білім беру, құқықтық сауат, тағы басқа кез-келген сұрақ бойынша әр азаматқа жәрдем беру керек. Қоғамда зорлық-зомбылықты болдырмау үшін отбасыларға пәтер беріп, мемлекеттен көмек көрсету керек деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ,ол басқа заңның аясында шешіледі. Құзырлы мемлекеттік органдар халықтың мұң-мұқтажын уақытында нақты біліп отыруы үшін орталық аппараттар ықпал ету керек. Ондай мәселе әлеуметтік желіде құқық қорғаушылар айтқаннан кейін ғана емес, нақты сол жерде, аудан көлемінде шешілуі керек.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin