Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда біршама мәселелер көтерілгені жасырын емес. Биылғы құрылтайда қоғамда жиі көтерілетін тақырыптың бірі – мемлекеттік тіл саласы болды Осы мәселе бойынша Президентіміз өз пікірін айтып өткен болатын. Жалпы, елімізде тіл саясаты байыппен жүргізіліп жатыр. Түрлі этнос өкілдерінің өз тілінде сөйлеуіне барлық жағдай жасалған. Осы ұстаным өзгермейді. Бұл – ішкі тұрақтылықтың негізгі факторларының бірі Мен мемлекеттік тілді дамытуға баса мән беріп отырмын. Қазақ тілін қолдану аясы барлық салада кеңейіп жатыр. Қазір тіліміз дамымай жатыр деп алаңдауға ешбір негіз жоқ. Болашақта мемлекеттік тілдің тұғырын нығайта түсу үшін басқа да маңызды шаралар қабылдаймыз. Мемлекеттік тілдің жағдайын айтып, шу көтеретін кейбір адамдар бұл мәселені саяси құрал ретінде пайдаланады. Халық арасында дау шығарғысы келеді. Ақырында, осындай келеңсіз, ойсыз әрекеттер мемлекетіміздің қауіпсіздігіне зиян келтіреді. Мұны ашық айту керек. Себебі тіл – біздің геосаяси кеңістікте «саяси себеп, саяси сылтауға» айналуда. Ал нақты қазіргі ахуалға қарайтын болсақ, тілдің жағдайы бұрынғыдан әлдеқайда жақсы. Мәселе тілге келгенде, дау-дамай, даңғаза жасамай, тілімізді дамыта түсу үшін нақты іс-әрекетке көшуіміз керек. Сонда ғана біз табысқа жетеміз. Бүгінде қазақ тілі креативті индустрияның тіліне айналды. Мысалы, «Аватар» сияқты әлемге белгілі фильмдер қазақша сөйлеп жатыр. Сондай-ақ Қазақстанның атын бүкіл әлемге танытып жүрген талантты жастарымыз да қазақ тілін дүние жүзіне паш етуде, тілімізді өнерімен, еңбегімен, яғни нақты ісімен дәріптеп жүр. Бұл – біздің жастарымыздың саналы таңдауы. Қазақ тілі – азаматтық бірегейлігіміздің және рухани бірлігіміздің нышаны. Біз оны күнделікті қарым-қатынастың ғана емес, нағыз ғылым мен білімнің тілі етуге тиіспіз. Бұл міндет жөнінде бұрын да айтылды, осы мақсатты күшпен, айқай-шумен емес, ақылмен, парасатпен іске асыруымыз керек. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Қазақ тілі барша Қазақстан халқын ұйыстыратын басты құндылықтың бірі ретінде дами береді. Бұған ешқандай күмән болмауға тиіс. Ең бастысы, тіл саласындағы біздің бағдарымыз – айқын, баршаға түсінікті. Сондай-ақ шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байланысты нығайта береміз. Бұл мәселе – менің жеке назарымда. Жалпы, осы айтылған жұмыстың бәрін рет-ретімен жасасақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. СЕГІЗІНШІ. Мен қоғамда мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты біраз сын-пікірлер бар екенін білемін. Олардың басым көпшілігі орынды. Қазіргі таңда біз мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Негізгі міндет – жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтіп, мемлекеттік қызметшілерге көбірек дербестік беру. Бұдан бөлек, аудан және ауыл әкімдерін сайладық. Облыстық мәслихаттарға сайлау аралас жүйе арқылы, ал аудан мәслихаттарына тек бір мандаттық қағидат бойынша өтеді. Алдағы жұмыс – ауқымды. Біраз уақыт қажет екені түсінікті. Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беруіміз қажет. Олар туған-туыстарының арасында не болмаса қоғамда абырой-беделге ие болуды емес, ең алдымен, халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуға тиіс. «Адал азамат» дегеніміз – осы. Соңғы кездері мен бірқатар кадрлық өзгерістер жасадым. Бұл ретте ешқандай науқаншылдыққа, мемлекеттік қызметшілерді, жоғары лауазымды тұлғаларды жаппай қызметтен босатуға жол берілген жоқ. Ең алдымен, олардың іскерлік қабілеті мен тәжірибесі ескерілді. Сондай-ақ жас, білікті азаматтар бірқатар маңызды министрліктің тізгінін ұстады. Әрине, олардың тәжірибесі, соның ішінде өмірлік тәжірибесі аз екені сөзсіз. Бірақ бұл – уақытқа байланысты мәселе. Бастысы, олардың бойында еліміздің жарқын болашағы үшін адал қызмет етуге қажетті білім, ерік-жігер бар. Басшылық құрамды жаңарту жұмысы жалғасын табады. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, министрлердің, әкімдердің және басқа да мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық. Ал олардың Президенттің жеке басына адалдығы мен үшін маңызды емес. Мемлекет басшысын мадақтаудан гөрі жұмысты адал атқарып, халықтың алдында абыройлы болу әлдеқайда маңызды. Барлық мемлекеттік қызметшілерге осыны айтқым келеді. Сондай-ақ жасалған реформалардан кейін Қазақстан Президенті мемлекеттік басқарушы, яғни Конституцияда көрсетілген 7 жылдық мерзімге халықпен өзара келісімшартқа отыратын менеджер ретінде қызмет етеді. Президент – әулие емес, халықтан биік тұлға емес. Алайда қоғамымыз Мемлекет басшысына, басшылық қызметтегі адамдарға құрметпен қарауы керек, яғни саяси тұрғыдан көзі ашық, жауапкершілігі жоғары азаматтар ретінде оларға ой-пікірін, ұсыныстарын айтып отыруы қажет. Осылайша, елімізде саяси мәдениеттің, өркениетті қоғамның озық үлгісі қалыптасады. Бүгін өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың негізгі мақсаты да – осы. Дәл осындай форумда Қазақстанның дамуына байланысты салмақты, іргелі ұсыныстар айтылуы керек. Біз бірге болсақ, алынбайтын қамал жоқ. Бүгін мен ұсынған бастамалар – алдағы ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Жаңа идеологиялық тұжырымды орнықтыру үшін мемлекеттік аппарат, сарапшылар, ғалымдар, тілшілер, азаматтық қоғам өкілдері – бәрі жұмылуы қажет. Президент Әкімшілігі жұмыс жоспарын әзірлеп, айтылған мәселелерді түгел қатаң бақылауға алады. Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл – өте жауапты әрі абыройлы міндет. Біз отаншылдығымызды және елге жанашырлығымызды нақты іспен көрсетуіміз керек. Адал азамат болуға ұмтылуымыз қажет. Сонда әрқайсымыз Отанымызды өркендетуге үлес қосамыз. Мен үшін Ұлттық құрылтай жұртшылықпен кездесіп, жай ғана пікір алмасатын жер емес. Оны еліміздің мәдени-рухани өрлеуіне жол ашатын шамшырақ деуге болады. Яғни, құрылтай алаңында қоғамның жаңа этикасын және оның жаңа даму үлгісін қалыптастыру мәселесі қаралады. Әрине, бұл – бір күнде бітетін шаруа емес. Ол үшін күн сайын тынымсыз еңбек етуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет пен қоғам бірге жұмылып жұмыс істеуі қажет. Бұл ұлтымыздың бойына орасан зор күш-қуат дарытады, өзгеріске деген құлшынысын оятады. Сонда ғана еліміз көздеген мақсатына жетеді. Осылайша, алдағы онжылдық еліміздің нағыз өрлеу дәуіріне айналмақ. Мен бұған кәміл сенемін. Қадірлі қауым! Баршаңызға мәлім, қазір Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Осыған байланысты көптеген архив материалдары зерттелуде. Бұрын халқымызға беймәлім болған тың мәліметтер жарыққа шығып жатыр. Жақында сол құжаттардың ішінен «авторы Жүсіпбек Аймауытұлы» деп көрсетілген шығарма табылды. Мұны екі дерек көзі растап отыр. Өлеңмен жазылған туындыны сол кезде тәркіленген Алаш зиялылары еңбектерінің бір бөлігі деуге негіз бар. Онда ұлттың жаны ешқашан өлмейтіні жырланған. Шын мәнінде, қазақтың қайсар рухы ешқашан сынбаған. Керісінше, әрбір қиындық жұртымыздың жігерін жанып, халықты шыңдай түскен. Алаш рухы Қазақ мемлекетімен бірге мәңгі жасайды. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, әлемдегі өз орнымызды айқындаймыз. Қазақ елінің Адал азаматтары болып, Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз. Ардақты ағайын! Жиынның соңында елдің рухын көтеретін тағы бір жақсы жаңалықты сіздермен бөліскім келеді. Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі. Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Оны жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алдық. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді. Құранның, расында, Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды. Кез келген өркениетті ел өзінің тарихи мұраларына зор құрметпен қарайды. Оны қастерлеп, мұражайға немесе басқа да арнайы орындарға қояды. Біз де бабалардан мирас болған әрбір жәдігерді қадірлеп, сақтай білуіміз керек. Осы Құранды жақында Қазақстан мұсылмандарының Діни басқармасына табыс етеміз. Өйткені бұл – бүкіл елге ортақ қазына. Құнды мұраның барша халқымыз үшін қастерлі орында тұрғаны абзал. Сондықтан Құранды қалпына келтіріп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойған жөн деп санаймын. Кезінде Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қолында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым деп ойлаймын. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік. Осымен, Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын қорытындылайық. Былтыр Ұлытауда, биыл киелі Түркістанда бас қосып, елдік мәселелерді талқыладық. Ел тарихында айрықша орны бар тағы бір аймақ – Атырау облысы. Ондағы әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккен. Мен Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын осы шежірелі аймақта өткізуді ұсынамын. Елімізде лайым жақсылық көп болсын! Баршаңызға амандық тілеймін!
Jsk ақпарат орталығы