• 29 ноября, 2024 4:27 пп

Әрбір өрт сөндіруші – бүгінгің күннің батыры!

Автор:admin

Авг 4, 2024

Өрт шыққандығы жөніндегі дабыл бірыңғай диспетчерлік орталықтан мамандандырылған өртке қарсы қызмет бөліміне келіп түседі. Біз барған күні бөлім тыныш болды. Бірақ, өртке қарсы қызметі жауынгерлердің дайындығын сынау үшін жалған дабыл аракідік қағылып тұрады екен. Бұл жолы да солай болды. Қатер дабылдың құлақ тұндырар «құлын дауысы» шырқырай салысымен өрт сөндірушілер бірден іске кірісті. Бір сәтке де қарап қалған жоқ. Олардың әр секунды есептеулі екендігін байқадық. Қимыл-қозғалыстары мұнша жылдам болар ма?! Алдында ғана менімен әңгімелескенде әр сөзін баптап, ойланып айтып тұрған Абзалдың өзін танымай қалдық. Шалт қимылдаған ол сөздің емес, істің адамы екендігін дәлелдеп берді. Дабыл қағылған сәтте кезекші жауынгерлер 20 секундтың ішінде арнайы киімдерін киіп, белдігін тағып, көліктеріне отырып, өрт болған жерге қарай шығып үлгеруі тиіс. Ал, тұрған жерінен «ұша жөнелетін» өрт сөндіру машинасы орташа есеппен 5 минуттың ішінде тиісті нүктеге келіп жетуі керек. Жауынгерлер ауысым жетекшісінің тактикасымен қимылдайды. Сондықтан, басшы дер кезінде дұрыс шешім қабылдай алатын қырағы болуы керек. Өртті тез ауыздықтау да ауысым жетекшісінің шеберлігіне көп байланысты. Өрт сөндірушілердің басты міндеттерінің бірі – оқиға орнындағы адамдарды қауіпсіз жерге көшіру. Барлау жасауға және адамдарды құтқаруға кемі үш адамнан құралған газ-түтіннен қорғау қызметі аттанады. Өрт сөндірушілер қою түтін оранған аумаққа отқа күймейтін болат арқанмен тізбектеліп кіреді. Ең алдында және соңында тәжірибелі жауынгерлер жүреді. Жалынды өшіру уақыты оттың деңгейіне, өрт шалған аумағына қарай бірнеше минуттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін. Әрине, жауынгерлердің жұмысы өртті сөндірумен ғана шектелмейді. Олар өртке қарсы қызмет бөліміне оралғаннан кейін жалынның қалай өршігені, кімнің қай жерде қателік жібергені, қабылдаған шешімдерінің қайсысы дұ-рыс болғаны жөнінде кеңінен мәжіліс өткізеді. Мұндағы мақсат – жіберген қателіктерден қорытынды шығарып, шеберлікті одан әрі шыңдай түсу. Иә, өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Лауазымдарының өрт сөндіруші-құтқарушы болып өзгеруі де тегін емес. Олардың жұмысы ерлікпен пара-пар. Өз өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды. Өрт сөндіруші сөзі абырой, батырлық, өжеттілік сөздерімен қатар естіледі. Осындайда орыс жазушысы Владимир Гиляровскийдің мына сөзі тілге оралады: «Әрбір өрт сөндіруші – қаһарман, өмірі үнемі соғыстағыдай және әр минут сайын басын қатерге тігеді»
Өрт сөндірушілердің арасында «Жеңдерің құрғақ болсын» деген әдемі тілек бар. Бұл – «өрт болмасын» деген сөз. Лайым солай болсын!

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin