Еліміздің шетін жау баспасын деп қорғанысты күшейту жазылмаған заңдылық. Қарулы күштердің басты міндеті де бейбітшілік пен тыныштық атты құндылықтарды қорғау. Сондықтан да еліміздің үшінші қаласы Шымкент қаласының қорғаныс саласында атқарып жатқан жұмыстары ауқымды. Егемен елдің ақ таңының арайлы, тұрмысының жайлы болуын тікелей қатамасыз ететін әскери саланың әр басқан қадамы қарашаның қашанда қаперінде. Сәйкесінше, ұлтқа қалтқысыз қызмет етіп жүрген қарулы күштердің бар жағдайын жасау мемлекетке артылған жүк. Бұл туралы, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қорғаныс саласының әлеуетін нығайтуға әрдайым басты назар аудару керек , деп жиі айтатыны белгілі. «Геосаяси тұрақсыздық, жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер жағдайында біз ұлттық мүддемізді қорғауға, мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға дайын болуымыз керек. Сондықтан қорғаныс әлеуетін нығайту әрдайым біздің маңызды басымдығымыз болады», деп қадап айтқан еді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Расында, заманауи жабдықталған әскер мемлекеттігіміздің берік қорғаны. Еліміздегі қорғаныс-өнеркәсіп кешені көштен қалмай өзіне тиесіліні өндіру үстінде. Республикада ұрыс қаруларын шығаратын мемлекеттік және жеке меншік кәсіпорын бар. Олардың жалпы саны 50-ге жуық. Қару-жарақ, әскери техника бойынша жылына 200 млрд теңге өнім өндіріледі екен. Жауаптылар бұл межемен тоқтап қалмаймыз деп сендіруде. Таяу келешекте әскери техниканы жөндеу технологиясын мамандар толықтай игерсе, жоғарыда аталған көрсеткіштер бірнеше есеге ұлғаяды деп күтілуде. Еліміздің Қорғаныс министрлігі қару-жарақ өндіретін отандық өнеркәсіп кешендерін жан-жақты қолдап келеді. Өйткені, қорғаныс-өнеркәсіп кешені — ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басты құрал. Өткен жылы Қазақстанда дәл осы кешенді дамытуға бағытталған арнайы Қор құрылған болатын. Қордың негізгі қызметі – отандық ғылыми-техникалық әзірлемелер мен қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің жұмысын жаңғырту. Президент пәрменіне сәйкес, ендігіде Қор қорғаныс өнеркәсібінде маманданған отандық компаниялардың дамуына тікелей ықпал ететін болады.
Jsk ақпараттық агенттігі