Шымкенттік дәрігерлер жүрек трансплантациясын сәтті жасаған 58 жастағы азаматтың халі жақсы. Ақ желеңділердің айтуынша, пациенттің бүгінде жүрек соғысы қалыпты және бұрынғы ауру белгілері мүлдем жойылған.
Адам өмірінде ең маңызды ағзасы алмасқан Кеңесбай Дәрменовтың өзі де қалыпты өмірге оралғанын айтуда. Ұл-қыздары мен 9 немересі және қиын сәтте демеу болған жұбайы үнемі жанында. 3 айға дейінгі апта сайын көрінетін дәрігерлік тексеруге де жолдасы бірге келген.
Емдеуші дәрігері Диана Бигалиева пациенттің жағдайын бақылап, дәрі-дәрмектерін уақытылы қабылдауын және алдағы уақытта тек екі айда бір рет келіп тексеріліп тұру қажеттігін айтуда. Дәрігердің сөзінше отадан кейінгі күтім де жақсы өткен.
Айта кетейік, мәйіттік жүрек алмастыру отасы биыл шілде айында Шымкент “Жүрек” орталығында жасалған болатын. Науқасқа жол апатынан қаза тапқан жеткіншектің жүрегі салынған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен қаржыландырылатын күрделі ота Шымкентте биыл осымен екінші рет және сәтті жасалды. Ота құны 6 миллион теңгені құрайды.
#әмсқшымкент#мәмсшымкент#