Өрт сөндіруші кәсібі басқа жұмыстарға қарағанда өте жылдам әрекет етуді талап етеді. Себебі, дабыл түскеннен кейін арнайы киімдерді киіп, өрт сөндіру бөлімінен оқиға орнына шығу үшін 1 минут ғана уақыты бар. Егер өрттің ішінде адамдар қалған болса, оны құтқару міндеті тұрады. Оқиға орнына келгеннен кейін өрт сөндірушілер өрт орны мен таралу аймағын анықтайды, өрт сөндіру түтік құбырларын дайындап, 1-2 минут ішінде сумен байланыстырады. Шағын өртті бірнеше минутта сөндіруге болады, ал, кей кездері сөндіру жұмысы тәулік бойына жалғасып қана қоймай өзгелерді құтқару барысында өрт сөндіруші өз өміріне де қауіп төндіреді. Әрине, физикалық дайындалған адам баспалдақты қолдануды, жүгіріп, секіруді, ауыр заттарды көтеруді үйрене алады. Бұдан бөлек өрт сөндірушілерге газ түтінінен қорғау құралдарын қолдануды, қатты түтіндеу жағдайында іс-қимыл жасауды үйретеді. Дегенмен ең қиыны – кез келген уақытта өз бойыңнан өзгенің өмірі үшін жан қиюға дайын тұратын қайсарлық пен ерлікті табу.
–Бір сәт көз алдыңызға өртке оранған үйді, жан-жағына қауіп төндіріп, алаулаған жалынды елестетіп көріңізші. Жалын ішінде балалардың қалып қойғанын ойлау өте ауыр емес пе?! Міне, біз таңдаған мамандық осындай қиыншылықтармен күнделікті бетпе-бет келіп, оқыс оқиғалардың алдын-алу мен болдырмауды мақсат етеді, — дейді Шымкент қаласы №1 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Асылбек Ғаріпов Статистика мәліметтері өрт сөндіруші мамандығы әлемдегі ең қауіпті жұмыстардың қатарына кіретінін көрсетеді. Өрт сөндіруші бұл – қаншалықты шаршаса да, көңіл-күйі болмаса да әрқашан батыл әрекетке дайын тұратын адам. Ол өрттің өшірілуі қанша уақыт алатынын еш уақытта болжап біле алмайд және келесі өртенген ғимартта оны не күтіп тұрғанынан да бейхабар. Мұнда да әскери тәртіп. Командирдің әр сөзі – заң. Бұлжымай орындалады. Төтенше оқиға болмаса да өрт сөндірушілердің әр минуты, әр секунды санаулы. Жұмыс кестелері тығыз. Жауынгерлер әрқашан қандай жағдайға да сақадай-сай болуы керек. Бұлардың күнделікті өмірі спорт десек болады. Тәулік бойы жаттығады. Ғимараттың ішінде де, сыртында да жедел-құтқару шараларына үздіксіз дайындалады. Бұған қоса, арнайы әзірліктен өткен жетекші офицерлердің дәрістерін тыңдап, теорияны практикамен ұштастырады. Өрт қауіпсіздігі ережелері мен тәлімдерін қайта-қайта пысықтап, техникалық құрал-саймандарының толыққандығын ыждаһатты тексеріп отырады. Қысқасы, шұғыл шақыруға тап-тұйнақтай дайын жүреді.
– Алауалап тұрған жалынға әркім өз білгенінше су шашу -бұл өртті ауыздықтай алады деген сөз емес. Өрт сөндіруді ұйымдастырудың да өзіндік жүйесі бар. Қандай жағдайда көбік, қай жеріне су шашу керектігін, жанып жатқан нысанға су шашуды әуелі қай жерінен бастау қажеттігін аға өрт сөндірушілер жедел түрде кеңесіп әрекет жасайды, — деп түсіндірді Шымкент қаласы №1 өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары Азамат Қожахметов. – Қызыл жалынның ортасына кіргенде біздің бар назарымыз от ортасында қалған адамды құтқаруға, өртті сөндіруге ауады. Ал, алауды ауыздықтау – бүкіл бір команданың жұмысы. Сондықтан, біздің күшіміз – бірлікте, бір-бірімізге деген нық сенімде. Ең басты қағидат – осы. Бұған қоса, өрт сөндірушілерге шапшаңдық, жүректілік, қырағылық, әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік тән. Жауынгерлер алғашқы медициналық көмектен де хабардар болуы керек. Улы газға тұншыққан, күйік шалған адамдарға жәрдем бере алатындай қабілеті болғаны жөн,- деді басшының орынбасары.
Өрт сөндірушілер өрт болып жатқан жерге жетіп барудағы қиындықтары жайлы да баяндап берді. Олардың айтуынша жол бойында кездесетін кейбір кедергілер нысанға жетіп баруын кешіктіреді екен.
– Жаңадан салынған тұрғын үйлердің кіреберісіне өрт сөндіру машинасының кіруіне ешқандай жағдай жасалмаған. Автокөлік иелері де машиналарын қалай болса солай қойып, жолымызға кедергі болады. Қожайыны келіп, көлігін алып болғанша техникаларымыз біраз тұрып қалады. Көшелердегі кептеліс те – көп бөгеттің бірі. Өрт сөндіру машинасы дабылдатып келе жатыр-ау деп жол бере қоятын көлік иелері де некен саяқ, — дейді сала маманы.
Jsk ақпараттық агенттігі