Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті және «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бастамасымен облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты 60-қа жуық колледж директорлары арасында ZOOM платформасы арқылы арнайы тренинг- семинар өткізілді.
Семинар барысында «Түркістан адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Нұржахан Абуова сөз алып, жиынның негізгі мақсатына тоқталып өтті.
Бұдан бөлек, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Жанат Момынқұлов «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесі» бойынша ақпарат беріп, пайдакүнемдікке емес, парасатты тұлға ұмтылуға шақырды.
Сондай-ақ, басты спикер аталған Академияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін зерттеу орталығының сарапшысы Айбек Мейрамханұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруда білім беру мекемелерінің маңызы айрықша екендігін тілге тиек етті.
Онлайн форматта өрбіген кездесу соңында қатысушылар бірқатар салмақты сауал жолдап, ол бойынша нақты және құнды мәліметтер алды.